«КӨРІКТІ ҚАЗАҚСТАН – КӨРКЕМ ҚЫТАЙ» ФОТОКӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

2017 жылы 6 маусым күні «Бейбітшілік және Келісім Сарайында» «Көрікті Қазақстан – Көркем Қытай» фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Жиынға Қытай Коммунистік партиясы ОК насихат бөлімі министрінің орынбасары То Чжэнь, Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Ханьхуэй, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Ғазизұлы Әжібаев, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Қуанышұлы Омаров, ҚР Премьер-министрі баспасөз хатшысы Айдос Арғынбайұлы Қыдырма және өзге де қонақтар қатысты.
Шара ұйымдастырушылары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚХР Мемкеңесінің баспасөз кеңсесі, ҚХР-дағы ҚР елшілігі, ҚР-дағы ҚХР елшілігі, ҚХР әдеби туындылардың шет тілдерінде басылуы және таралуы жөніндегі басқармасы.
Фотокөрме Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай өткізіліп отыр.
Екі ел шеберлері көрме барысында өз жұмыстары арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тарих пен мәдениет, табиғат әсемдігі, салт-дәстүрлердің өзара түсінісіп, үндесуіне жол ашты.
Көрмеде ұсынылған фотосуреттер Ұлы Жібек жолының жалғасын бейнелеп, жаңа заманда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жемісін суреттейді.
Фотокөрме 10 маусымға дейін жалғасады.