Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттегі алатын орнын бағамдап, түркі әлемінің өткенін, бүгінін және болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс түркітілдес мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, 2010 жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында ғылыми орталық – Түркі академиясы құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 21 қазандағы №1090 қаулысымен жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Түркі академиясы) құрылды.
Аталған Қаулының 5-тармағына сәйкес Астана қаласының әкімдігі Түркі академиясын орналастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Бейбітшілік және келісім сарайы ғимаратын жалға берді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2010 жылғы 3 қарашадағы №721 бұйрығымен Түркі академиясының Жарғысы бекітілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 21 қазандағы №1090 «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру» туралы Қаулысы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы (08.11.2010, №1-04-1-2/2921) негізінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2010 жылғы 9 қарашадағы №735 бұйрығымен Түркі академиясының Директорлар кеңесі сайланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы 16 қыркүйекте Стамбұл қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-Саммиті нәтижесіндегі тапсырмаларын (8-тармақ) және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.Мәсімовтің 2011 жылғы 13 желтоқсандағы №12-34/7262 тапсырмасын (12.7-тармақ) іске асыру бойынша:
– Түркі тарихы мұражайы және Түркі кітапханасының жұмысы жандандырылуда;
– «Түркі академиясы» халықаралық ұйымын құру туралы Келісімге 2012 жылы 23 тамызда Бішкекте өткен Түркі кеңесінің ІІ Саммитінде қол қойылды.
Түркі кітапханасы – бүгінгі күні түркі кітапханасының қорында 15000 астам кітаптар, сирек қолжазбалар мен құнды еңбектер бар. Басым көбі түркітану мен түркі халықтары тарихы, түркі әлемі тақырыптарына арналған. Белгілі түркітанушы ғалымдар Әбдуали Қайдар мен Әбжан Құрышжанұлының жеке кітап қоры да осы кітапханаға берілді. Түркі кітапханасының электрондық базасы дайындалуда. Кітапханадан түркі ұлттарына арналған жеке-жеке кітап сөрелері бар. Атап айтқанда, қазақ, түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікпен, башқұрт, татар, қарашай, хақас, шұбаш қарақалпақ, ноғай т.б. бауырлас халықтардың әдебиеттерін табуға болады. Түркі кітапханасының электрондық ресурстар бөлімі де ашылған.
Түркі музейі – 2011 жылдың 20 желтоқсанында сарайда Халықаралық Түркі Академиясының Түркі әлемі мұражайының ашылу салтанаты өтті. Мұражайдан түркі халықтарының әр кездері жасаған мәдени мұрасы мен рухан құндылықтарын дәлелдейтін жәдігерлерді көруге болды. Мұражай үнемі құнды экспонаттармен толықтырылып отыратын болады. Алдағы уақытта Бейбітшілік және Келісім сарайында Түркі мұражайының мұражай-көрме кешені орналастырылады. Бұдан тыс Түркі әлемінің виртуальдық мұражайын құру жоспарлануда, сондай-ақ жылжымалы көрме кешенін жасақтау қолға алынуда.