«Бейбітшілік және Келісім Сарайының» Опера залының сахнасында 2016 жылы 17 қараша күні «Көңілді тапқырлар алаңының» әзілкештері арасында Қазақстан чемпионатының финалы өтті. Жоба жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатов. Ақтық сайыста еліміздің облыстары мен қалаларынан құралған 5 команда қатысты. Олар: “Қазақстан – Ауылдар”, “Арал-Ас”, “Астана”, “Қызылорда” жəне “Қазақстан қалалар құрамасы”. Финалда командалар 3 айналымда бақ сынасты.
Əділ қазы мүшелігінде: Астана қаласының мəдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, актер Əділ Ахметов, Ұлттық опера жəне балет театрының əншісі Сүндет Байғожин, əнші əрі актер Нұркен Өтеуілов, тележүргізуші Дана Нұржігіт жəне “Балапан” телеарнасының директоры Лəйлə Сұлтанқызы болды.
Бірінші айналым – “Сұрақ-жауап” сайысында залдағы көрермендердің көкейдегі сұрақтарына топ мүшелері актуалды тақырыптарды кірістіре отыра ұтымды əрі астарлы қалжыңмен жауап берді.
Екінші айналымда команда намысын капитандар қорғады. Бес топтың да көшбасшысы барынша тырысып бақты. Дегенмен, Аралдан келген “Арала-Ас” тобындағы Ғалым Махамбетов пен “Қызылорда” құрамасының капитанының оқ бойы озып тұрғандығын залдағы көреремендердің қошеметі дəлелдеді.
Соңғы “Еркін сайыста” əділ қазы мүшелері бес топтың түрлі тақырыптардағы көріністері мен əндеріне тəнті болды.
Осылайша, үш айналымнан тұрған ақтық мəреде əділ қазылар бір ауыздан бас жүлдеге маусым бойы 21 кіші кубокқа ие болған Аралдан келген “Арал-Ас” командасы лайық деп шешті.
Екінші орын қанжығаларына 18 кіші кубокты байлаған “Қазақстан қалалар құрамасына” бұйырды.
Үшінші орынды 12 кіші кубокты иеленген “Қызылорда” командасы алды.
Ал “Жыл актері” атағына əділ қазылар “Арал-Ас” командасының капитаны – Ғалым Махамбетовты лайық деп шешті.