Спектакль “Отелло” “Бейбітшілік және Келісім Сарайының” опера залында

Астана қалалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен өз шымылдығын ашты. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады. Театр өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды. Онда Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясы лауреаты атанды. Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа 1991-1996 жылдары ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров, 1996-1998 жылдары Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаев, 1999-2009 жылдары Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Өз көрерменін тапқан театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл толады. Елімізде және шет елде өткен бірнеше театр фестивальдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ол – қазақтың театр өнерін өркендету, сөйтіп кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

Отандық труппамыз 18 маусым сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында У.Шекспирдің «Отелла» трагедиясын сахналайды. Бір адамның тағдыры арқылы күллі адамзаттың жан дүниесін таныту, жүрек пен сезім арасындағы қайшылық өмір мен өлім арасындағы тайталасқа қалай ұрынғанын Шекспирден артық кім суреттейді!

Отелло – әлемдік әдебиет галереясында күшті қаһарманның бірі, ол нағыз ер азамат бола тұрып, нақақ жаланың қаруы мен құрбанына айналды. Осынау баянсыз ғашықтықтың күйігі мен наласы жер бетінде ауық-ауық қайталана беретінін ұлы ағылшын жазушысы айғақтайды. Отеллодай ұлы шығармаға негізделген бұл қойылымды өткізіп алмаңыздар.