«ҚЫЗ ЖІБЕК ОПЕРАСЫ» АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА


2017 жылы 5 шілде күні «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» алаңында «Қыз Жібек» операсы сахналанды.
83 жыл бұрын жарыққа шыққан алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібек» бірден ұлттық музыкалық өнердің інжуі ретінде танылды. Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты туралы аттас халық лиро-эпостық поэмасының негізінде либреттоны белгілі драматург және жазушы Ғабит Мүсірепов, ал музыкасын Евгений Брусиловский жазды. Композитор, қазақ халық әндері мен күйлерін, сонымен қатар халық сазгерлері – Ыбырай, Мұхит, Жаяу Муса, Тәттімбеттің шығармаларын, еуропалық аспаптау мен гармония өнерін қазақ музыкасында батыл қолдана білді.
Опера тұсаукесері 1934 жылы Қазақ музыкалық театрының сахнасында өтті (қазіргі Абай атындағы МАОБТ). 1936 жылы мамыр айында Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігінде көрсетілген «Қыз Жібек» зор әсер қалдырды.